Онлайн шарада түрлі кәсіпорындардың 50-ден астам басшысы, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (ҚПО), Норт Каспиан Оперейтинг Компани (НКОК), «Шелл Қазақстан» және ЕҚДБ өкілдері қатысты.

«Биыл біз машина жасау саласының әлеуетін нығайтуға басты көңіл аудара отырып, Shell LiveWIRE бағдарламасының гранттар көлемін және ауқымын кеңейтуге шешім қабылдаған болатынбыз. Үрдістеріңіздің және бизнесті жүргізу тәсілдеріңіздің трансформациясы жүзеге асатынына сенімдімін. Аз шығынмен көп нәрсені жасауды үйрену әсіресе бүгінгі таңда өте маңызды», - деп «Шелл Қазақстан» компаниясының жергілікті қамтуды дамыту бойынша менеджері Ринат Хусаинов өзінің кіріспе сөзінде атап өтті.

Онлайн конференция барысында консалтингтік жобалар нәтижесі бойынша кәсіпорындар табысының жарқын мысалы келтірілді. «Алматы вентиляторлар зауыты» ЖШС-ның президенті Марат Баққұлов мырза қызметкерлерге Кайдзен технологияларын үйрету және үнемшіл өндіріс жүйесін енгізу қалайша өткенін айтып берді. Оның айтуынша, кеңесшіні шақырар алдында кәсіпорында қызметкерлерді басқару бойынша қиыншылықтар туындаған болатын. Нәтижесінде он тапсырыстың тек екеуі уақытында аяқталатын еді және компанияда қызметкерлердің тұрақтамауы жоғары деңгейде еді.

«2012 жылы зауытымызда Кайдзен жүйесін енгізу мақсатында шетелдік сарапшыны тарту үшін грантты алған едік. Нәтижесінде 2013 жылы жаңа зауытқа көшкеннен кейін біз өндіріс қарқынын көтере отырып, жұмысшылардың санын 150-ден 80-ге дейін азайта алдық. Біз барлық үрдістерді оңтайландырдық және олар Кайдзен жүйесі бойынша қалыптасқан еді», - деп айтты Марат Баққұлов.

Ол үнемшіл өндіріс жүйесін енгізу еңбек өнімділігін бес есеге көтергенін атап өтті.

«2012 жылы біздің өндіріс көлеміміз 700 млн теңгеден аспаса, бүгінгі таңда біз құны екі миллиард теңгеден асатын өнім өндіреміз. Қызметкерлердің жалпы саны қазір 116 адамды құрайды. Іс жүзінде тауардың жеткізілмей қалу оқиғалары жоқ, өндіріс кезеңінің ұзақтылығын біз төрт есеге азайттық», - деп атап өтті Баққұлов мырза.

Конференцияның ашылуында НКОК пен ҚПО өкілдері өздерімен ынтымақтастық үшін қажетті шарттар мен талаптар туралы айтып берді. Сонымен бірге, бизнесті басқару мәселелері көтеріліп, дағдарыстан шығу бойынша ең тиімді стратегиялар назарға ұсынылды. Оған қоса, қатысушылар Shell LiveWIRE бағдарламасы секілді ЕҚДБ-ның шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдарымен танысты. Сарапшылар қатысушыларға дағдарыс кезінде қалай жұмыс істеу керектігі және тұтынушылардың қазіргі кездегі сұраныстары жөнінде айтып берді.

Бизнес оқытушы Наталья Кузетованың айтуы бойынша, 2020 жылға дейін клиенттер көбінесе тауардың атын (брендін), бірегейлігін, мәміледен пайданы және жаңашылдықты бағалайтын. Алайда, бүгінгі таңда дағдарыс кезінде тұтынушылар талғамы өзгерді. Енді клиенттер өндірушілерден тұрақтылықты, өзгерістерге дайындығын және тауардың әкелетін пайдасын көбірек бағалайды.

«Трансформация» жобасына дайындық кезінде сарапшы бірқатар отандық кәсіпорындарға сауалдар жолдаған болатын. Жауаптар көбінесе үрдістерді автоматтандыру, маркетинг және стратегиялық басқару салаларында білікті кадрлардың тапшылығын көрсетті.

Сонымен бірге, кәсіпорындар жақын арада өнімнің өз бағасының өсуі (жауап бергендердің 45%), теңге бағамының өсуі (72,5%) және тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендеуі (65%) алаңдаушылық туғызатынын айтты.

Дәл дағдарыс кезінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Трансформация» жобасы қатысушыларға сарапшылармен жеке тілдесуді, тренингтер мен коучинг сессияларын қамтитын қолдаудың толық циклін өтуді ұсынады. Нақты консалтингтік жобаны жүзеге асырамын деушілерге Shell LiveWIRE бағдарламасы консультанттардың қызметтеріне 75%-дық грант ұсынады.

Ұйымдастырушылардың ойынша, бұл жобаға қатысу машина жасаушыларға дағдарыстан сенімді түрде өтуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге өздерінің әлеуеттерін нығайтып, жаңа нарықтарға шығуға жағдай жасайды.