Меморандум көміртекті анықтау мен кәдеге жаратудың негізгі өлшемдерін айқындау мен әзірлеу мақсатында CCUS технологияларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға әлеуетті мүмкіндіктерді бірлесіп зерттеуді көздейді.

Құжат тараптардың өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестігін нығайтуға, сондай-ақ еліміз Париж келісімі аясында қабылдаған парник газдарының азайту бойынша міндеттерді орындау жөніндегі міндеттемелерді қолдауға бағытталған.

Меморандумға сәйкес «Шелл» техникалық сарапшылары ұқсас CCUS жобаларын іске асырудың халықаралық тәжірибелерімен бөлісуге ниеттенеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа жету бойынша маңызды міндет қойған болатын. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы оны орындау үшін барын салуда. Сондықтан біз көміртекті анықтау, кәдеге жарату және сақтау технологияларына (CCUS) ерекше мән беріп отырмыз. «Шелл» компаниясының бұл салада мол тәжірибесі бар. Бүгін қол қойылған құжат стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңін айқындайды», – деп атап өтті Алик Айдарбаев.

«Біз Қазақстан Республикасында «Шелл» компаниясының жұмыс істеген жылдары орнаған ынтымақтастық пен өзара түсіністікті жоғары бағалаймыз. Компаниямыз «ҚазМұнайГаз» және Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті. Ұлттық компаниямен қол қойылып отырған меморандумның арқасында мемлекеттің мұнай-газ секторының дамуына қосымша үлес қосып, Қазақстан және біздің компанияларымыз үшін аса маңызды мәселе болып табылатын елдің «энергетикалық ауысым» бағытында талпынысын қолдап отырғанымызға қуаныштымыз», – деді Херман Бурмейстер.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқаны белгілі. Осыған байланысты ҚМГ да климаттық ахуалдың маңыздылығын жете түсіне отырып, 2031 жылға дейінгі төмен көміртекті дамытудың корпоративтік бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Бағдарламада мақсатты индикаторлар қойылып, оларға жету бойынша негізгі шаралар анықталған, сондай-ақ өндірістік активтерде декарбонизацияның технологияларын қолдану мүмкіндіктерін зерттеу қамтылған.