ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын жоба еліміздің бес мектебінде шағын көлемді таратылған «жасыл энергетика» жүйелерін орнатуға бағытталған. Түркістандағы Зияткерлік мектеп аумағында күн батареялары бар төрт қалқа орнатылды, оларды сыртта сабақ өткізуге қосымша алаң ретінде пайдалануға болады.

Орнатылған күн жүйелері мектептің жылдық электр энергия шығынын орта есеппен 30%-ға кемітеді, ол ақшалай мәнде жылына 2-6 млн теңгеге тең. Жүйелер 240 фотоэлектрлік панельден тұрады және СО2 шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Пайда болған артық қуат қалалық желіге жөнелтіліп, энергияны үнемдеуге септігін тигізеді.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы, «Шелл» компаниясының Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдері бойынша корпоравтивтік қатынастар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунзберг, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Жанғозин Әнуар Қанатұлы қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды: «Түркі елдерінің астанасы Түркістанда бір жарым жыл бұрын ашылған Зияткерлік мектептің аз ғана уақыт ішінде баламалы энергия көздерін қолдануға қол жеткізіп отырғандығы қуанышты жаңалық. Өздеріңізге белгілі Түркістан еліміздің экологиялық аумақтарының біріне жатады. Қаладағы экологиялық факторларды негізге ала отырып, мұнай-газ өндіретін «Shell» халықаралық компаниясымен бірлесе атқарылған жобаның маңызы зор».

2018 жылы іске қосылған «Мектептерге күн энергиясы» жобасы қазақстандық жас ұрпақтың ғылымға, техникаға, инновацияға, кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Ол сондай-ақ әр мектепке толық аяқталған жүйелер құру мақсатында жобалауды, жабдықтауды және құрылысты қамтитын жұмыс көлемі бар келісімшарттарды (EPC) ұсыну арқылы жаңартылатын энергия шешімдері бойынша жергілікті нарықты пайдалануды көздейді. Сонымен қатар жоба қазақстандық жасөспірімдерді білім беру мен кәсіпкерлік арқылы энергетикалық ауысу үдерісін және олардың бұл үдерістегі рөлін толығырақ түсінуге шабыттандыруға бағытталған.

Күн энергетикасы жүйелерінен пайдаланатын бес мектеп Астана, Орал, Атырау, Ақтау, Түркістан қалаларында орналасқан. Бұл жүйелер әр мектепке 100 кВт энергия өндіруге арналған. Күн батареялары әр мектептің қажеттілігін қанағаттандыру үшін арнайы әзірленген металл қондырғыларға орнатылған.

«Білім беру мен экологияны ұштастырған «Мектептерге күн энергиясы» жобасы NIS стратегиясының маңызды бөлігін құрайды. Бұл STEM-білім беруді енгізу мен ең бастысы, оқушылар арасында эко-мәдениетті қалыптастыруды, сондай-ақ қоршаған ортаға зор жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеудегі табысты бастама екенін бесінші мәрте дәлелдеді», – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

«Шелл» компаниясында біз серіктестерімізбен бірлесіп, қоршаған ортаға да, қоғамға да пайда әкелетін тұрақты шешімдерді әзірлеуге қолдау көрсетуге міндеттенеміз. Бұл жоба біздің тұрақтылыққа деген адалдығымыздың және Қазақстан Республикасымен серіктестігіміздің айқын үлгісі болып табылады», - деп атап өтті «Шелл» компаниясының корпоративтік қатынастар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунзберг. «Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу бойынша алдына өр мақсаттар қойды. «Шелл» мемлекетті осы мақсатқа ұмтылысында қолдайтынын мақтан тұтады. Компаниямыздың «Мектептерге күн энергиясы» жобасы осы өтпелі кезеңге өз үлесімізді қосуға қолға алған бастамаларымыздың бірі болып табылады».